Қазақстанда жаңа МӨЗ бен мұнай қоймасы салына ма

Қазақстанда жаңа мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жоспары талқыланып жатыр, ал мұнай қоймасын салу бастамасы тиімді емес деп танылды. Бұл туралы LS тілшісі толық мәлімет жинады.

МӨЗ

Энергетика министрлігі жылына 10 млн тонна мұнай өңдеуге қауқарлы зауыт жобасын әзірлеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Жобалау жұмыстары 2030 жылға дейін аяқталып, құрылыс 2032 жылы басталады деп күтілуде. Бұл мерзімдер 2036 жылы жеңіл мұнай өнімдері тапшылығы туындауы ықтималдығымен байланысты.

Алдын ала зауыт салынатын орын ретінде Батыс Қазақстан өңірі қарастырылып отыр.

Зауыттың нақты орналасатын жері мен құрылысына қатысты түпкілікті шешім көлік саласының электрлендірілу деңгейі, ішкі энергия тұтыну көлемі және елдің экспорттық әлеуеті секілді факторларға байланысты қабылданады.

Тиісті құжаттарды, соның ішінде алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау туралы шешім 2028–2030 жылдар аралығында кезең-кезеңімен қабылданады. Сол уақытта зауыттың нақты қуаты мен жобалық сипаттамасы да айқындалады.

Мұнай қоймасы

2022 жылдың қарашасында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай қоймаларын салу бастамасын жан-жақты зерттеуді тапсырған еді. Энергетика министрлігі стратегиялық ұзақмерзімді қор қалыптастыру және көлік саласындағы қысқа мерзімді тәуекелдерді азайту мақсатында бұл жобаны талдаудан өткізді.

Талдау нәтижесінде, төтенше жағдай кезінде мұнай өндіруді тұрақты сақтау үшін 1-2 апталық қор (шамамен 0,7–1,4 млн тонна) жеткілікті екені анықталған.

Дегенмен, резервуар салу – бұл ауқымды инвестицияны ғана емес, сонымен қатар есеп жүйесін енгізуді, нысан көлемінің 15%-на дейін жететін технологиялық қалдықты тұрақты сақтауды және жалпы шығындардың 2%-на дейінгі күрделі әрі ағымдағы шығындарды қажет етеді.

Министрлік мұндай қоймалар сирек пайдаланылатындықтан, олардың құрылысы жер қойнауын пайдаланушыларға қосымша қаржылық ауыртпалық түсіретінін атап өтті.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының мәліметінше, әлемдік тәжірибе бойынша стратегиялық мұнай қоры жылдық өндіру көлемінің 10–20%-ын құрауы тиіс. Әдетте мұндай қорлар мұнай импорттайтын елдерде жасақталады.

Қазақстандағы ең ірі үш кен орны – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ – тәулігіне шамамен 200 мың тонна мұнай өндіреді, бұл айына 6 млн тоннаға жуық. КМГ деректеріне сүйенсек, осы жобалардың операторлары мен мұнай тасымалдаушы компаниялардың қолданыстағы резервуарлары мұнайды сегіз күнге дейін сақтауға жеткілікті.

Талдау кезінде мұнай қоймаларын салудың екі нұсқасы қаралды.

100 мың текше метрлік 75 жерүсті резервуар салуға шамамен $7,5 млрд қажет (бір резервуардың құны – $100 млн). Бұл көлем үш ірі кен орнының бір айлық өндірісін сақтауға жеткілікті. Алайда қоймалардың сирек қолданылуы жыл сайынғы шығынды $75 млн-ға дейін жеткізуі мүмкін, бұл бастапқы инвестицияның 1%-ын құрайды.

Альтернативті нұсқа ретінде жерасты қоймаларын салу қарастырылған. Ол үшін тұз күмбездері бар сарқылған кен орындарын пайдалану ұсынылғанымен, Қазақстанда мұндай қолайлы кеніштер жоқ.

Сол себепті ұлттық компания ұзақмерзімді мұнай қорын құру үшін қойма салу жобасы техникалық және экономикалық жағынан тиімсіз екенін мәлімдеді.